Шараға ең көп қатысушы Дөң тау-кен байыту комбинатында тіркелді. Комбинат қызметкерлері бастаманы белсенді қолдап, геологиялық бөлім ұжымы акцияға толық құрамда қатысты.

Солардың бірі – Дөң ТКБК қызметкері Наргүл Сағымбаева. Ол әлеуетті донорлар тіркеліміне алғаш рет қосылды.

– Мұндай бастамалардың маңызын ақпаратпен танысқан кезде жақсырақ түсіндім. Бір қарағанда, тіркелімге қосылу – қарапайым ғана қадам. Бірақ ол болашақта бір адамның өміріне қажет мүмкіндікке айналуы мүмкін, – дейді Наргүл Сағымбаева.

ГДЖ донорлығы ауыр қан ауруларына шалдыққан науқастар үшін маңызды. Әлеуетті донорлар саны артқан сайын генетикалық тұрғыдан сәйкес келетін адамды табу мүмкіндігі де жоғарылайды. Тіркелімге қосылу үшін небәрі 9 мл қан тапсыру жеткілікті. Ал донор мен науқастың көрсеткіштері сәйкес келген жағдайда бұл шешім нақты көмекке айналуы мүмкін.

Ақсуда бастаманы Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «Қазхром» ТҰК» АҚ жылу станциясының қызметкерлері, сондай-ақ «ЕЭК» АҚ өкілі қолдады.

Ақсу ферроқорытпа зауытының әлеуметтік жобалар жөніндегі сарапшысы, Ақсу қаласының құрметті доноры Полина Симакова донорлық қозғалысқа бес жылдан астам уақыттан бері қатысып келеді.

– Әріптесім екеуміздің донор болып жүргенімізге бес жылдан асты. Біз үшін өзгелерге көмектесу – бір реттік қадам емес. Кейде өзің жасаған әрекет шағын болып көрінуі мүмкін. Бірақ донорын күтіп жүрген адам үшін оның мәні әлдеқайда зор. Сондықтан мұндай жобаларды қолдау қажет, – дейді Полина Симакова.

ERG «Өмір сыйлаушы еуразиялық» жобасын Асель Байсеитова атындағы қайырымдылық корымен және гемопоэздік дің жасушалары донорларының ұлттық тіркелімімен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Бастаманың негізгі мақсаты - донорлық туралы түсінікті кеңейту және әлеуетті донорлар қатарын толықтыру. Айта кетейік, аталмыш науқан биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқысы көктемде өткен болатын.