Форум барысында екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық, энергетика, су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды.

Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастап барды.

Министр Қазақстан экономикасын әртараптандыру, цифрлық трансформацияны жеделдету және жасанды интеллект технологияларын дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

«Біздің мақсатымыз – жасанды интеллект саласындағы қызметтерді экспорттау және сонымен қатар отандық бизнеске әлемдік нарықтарда бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін құралдарды ұсыну», – деді Жаслан Мәдиев.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд доллардан асқан. Ал Astana Hub бүгінде 2,5 мыңнан астам компанияны біріктіреді.

Қазақстан есептеу инфрақұрылымын кеңейтуді, мамандар даярлауды және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді өндіріске енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Data Center Valley жобасы аясында есептеу қуаттылығын кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін жеткізу көзделген.

Форумда қазақстандық компаниялар энергетика, маңызды минералдарды өңдеу, көлік, цифрлық инфрақұрылым және ғарыштық технологиялар салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.

Іскерлік кездесулерге KAZAKH INVEST, «Самұрық-Қазына», «Қазақтелеком», Astana Hub, «Ұлттық ақпараттық технологиялар», «Қазақстан Ғарыш Сапары», Q.AI, АХҚО және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.

Gov.kz

Форумның негізгі нәтижелерінің бірі – жеті меморандуммен алмасу рәсімі болды.

Атап айтқанда, Shoval Vantage Group пен KAZAKH INVEST Қазақстанда медициналық кластерлік орталық құру мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Terra-A Gaia AG цифрлық активтер, жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және құзыреттер орталығын дамыту бағытында ынтымақтастық орнатуды көздейді.

«Самұрық-Қазына Инвест» пен Watergen компаниясы атмосфералық ауадан ауыз су өндіру технологиясын Қазақстанда жергіліктендіру мүмкіндіктерін зерделемек.

Сонымен қатар Абай облысының әкімдігі Израильдің Mekorot Development & Enterprises компаниясымен су шаруашылығы, ал Auxbridge компаниясымен өңірді цифрлық трансформациялау бағытында меморандумдар алмасты.

Бұдан бөлек, киберқауіпсіздік саласында Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы мен CYBERPRO AI арасында, ал сауда байланыстарын дамыту бойынша QazTrade пен Израильдің Экспорт және халықаралық ынтымақтастық институты арасында құжаттар алмастырылды.

Қазақстан тарапы форумда ұсынылған жобаларды одан әрі пысықтап, екі елдің компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, форумда жасалған меморандумдар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық негізін қалыптастырады.