Алғашқы мейрамхана Алматыдағы Гоголь және Қонаев көшелерінің қиылысында, Панфилов саябағының жанында орналасқан.

Dunkin’ брендін Қазақстанда дамыту құқығы «SGK Partners» ЖШС-іне берілген. Компания Inspire Brands халықаралық мейрамханалар тобымен эксклюзивті франчайзингтік келісім жасасқан. Келісім аясында Қазақстанда жаңа мейрамханалар ашу жоспарланып отыр. Алайда олардың саны, инвестиция көлемі және іске қосылу мерзімдері әзірге жарияланған жоқ.

Inspire Brands халықаралық бөлімшесінің президенті Майкл Хейли Қазақстанды компанияның Орталық Азиядағы бизнесін кеңейтуге мүмкіндік беретін нарықтардың бірі ретінде атады.

Қазақстандағы франчайзингтік серіктес «SGK Partners» ЖШС қатысушыларының бірі — Kusto Group халықаралық бизнес-тобының негізін қалаушы Еркін Тәтішев. Оның айтуынша, компания Dunkin’ желісін Қазақстан нарығында дамытуды көздеп отыр.

Алматыдағы алғашқы мейрамханада кофе, пончиктер және салқын сусындар сатылады. Сондай-ақ жергілікті нарыққа арналған Almaty Donut өнімі ұсынылған.

Dunkin’ бренді 1950 жылы АҚШ-та құрылған. Қазіргі уақытта желінің әлемнің 40-қа жуық нарығында 14 200-ден астам мейрамханасы бар.

Dunkin’ америкалық Inspire Brands компаниясының құрамына кіреді. Бұл топқа Arby’s, Baskin-Robbins, Buffalo Wild Wings, Jimmy John’s және SONIC брендтері де тиесілі. Компания әлемнің 55 нарығында жұмыс істейді.