Айнұр Полатова — қазақтың ұлттық ойындары мен мәдениетін заманауи форматта танытуға бағытталған Talapai жобасының негізін қалаушы. Ол 2024 жылы киіз үй үлгісіндегі LEGO конструкторын жасауға кірісіп, жобаның алғашқы нұсқасын әзірлеген.

Nomad Yurt конструкторында қазақтың дәстүрлі киіз үйі, ұлттық ою-өрнектер мен тұрмыстық бұйымдар бейнеленген. Жоба авторы балалардың шетелдік кейіпкерлер мен ғимараттарды ғана емес, қазақтың мәдени мұрасын да конструктор арқылы танығанын қалайды.


Фото: Айнұр Полатованың жеке мұрағатынан


«Мен LEGO компаниясының ресми түрде киіз үйді жарыққа шығарғанын армандаймын. Артымнан ерген іні-сіңлілерімнің шетелдің батырлары мен ғимараттарын емес, алтыбақаны мен ошағы, оюы мен сандығы бар қазақтың киіз үйін құрастырғанын қалаймын», — деп жазды жоба авторы әлеуметтік желіде.

LEGO Ideas ережесіне сәйкес, 10 мың қолдаушы жинаған жобалар компанияның сараптамасына жіберіледі. Алайда дауыс межесіне жету конструктордың міндетті түрде өндіріске шығатынына кепілдік бермейді. Соңғы шешімді LEGO компаниясы қабылдайды.

Nomad Yurt жобасын қолдау үшін LEGO Ideas платформасындағы парақшаға⁠ өтіп, дауыс беруге болады.