Екі вагон-цистерна 2026 жылғы 12 қыркүйекте «Жайсаң» теміржол станциясында тоқтатылған. Жүк «Жем – Похвистнево» бағыты бойынша Ресейдің Самара облысына жеткізілуге тиіс болған.
Ілеспе құжаттарда көрсетілген тауар атауы тасымалданған өнімге сәйкес келмеген. Мемлекеттік кірістер департаменті Орталық кеден зертханасын тарта отырып ұйымдастырған сараптама жүктің экспорттауға тыйым салынған мұнай өнімі екенін анықтаған.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, аталған өнімді экспорттауға Энергетика министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №175-н/қ бұйрығымен тыйым салынған.
Тексеру қорытындысы бойынша жүк жөнелтуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Серіктестік басшысымен өткізілген профилактикалық әңгімеде мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге қойылған шектеулер және оларды бұзудың құқықтық салдары түсіндірілген.
Ведомство тыйым салынған немесе экспорты шектелген мұнай өнімдерін құжаттарда басқа тауар ретінде көрсетіп әкетуге де жол берілмейтінін ескертті.
Компанияның атауы, әкімшілік іс қаралған бап, жаза мөлшері және тоқтатылған жүктің кейінгі тағдыры хабарламада нақтыланбаған.
